Қазақстандық ғалым дін мен мемлекеттің өзара қатынасы жайлы түсіндірді
Зайырлы мемлекет барлық діндерге заң шеңберінде еркін діни ұстанымдарын, қызметтерін іске асыруға мүмкінді береді. Бұл - философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Нағима Жаулыбайқызының пікірі. Ғалымның дін мен мемлекеттің өзара қатынасы жайлы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
Зайырлы қоғам жағдайындағы дін мен мемлекеттің өзара қатынасын түсіну үшін зайырлы мемлекетті клерикалды және теократиялық мемлекеттердің қызмет барысымен салыстыру арқылы шынайы орны мен ролін айқындауға болады. Қазіргі заманауи мемлекет пен діни ұйымдар мен бірлестіктердің арасында қалыптасқан қатынастарына қарап бүгінгі күні мемлекеттің үш типін айырады: теократиялық, клерикалды, зайырлы.
Теократиялық мемлекет дегеніміз (грек тілінен «Құдай» және «билік» деген мағынаны білдіреді) мемлекеттік биліктің ерекше түрі болып табылады және де биліктің толықтай, яғни абсолютті түрде немесе жартылай шіркеуге бағыныштылығын білдіреді. Мемлекеттік билік тікелей шіркеудің, діни қызметкерлердің құзырында болып, ал мемлекеттік ұйымдардың қызметі тиісті діннің догматикасына, доктринасына, канондық (діни) құқыққа негізделеді.
Қазіргі заманда орын алған мемлекеттің келесі типіне клерикалды мемлекетті жатқызуға болады. Клерикалды мемлекет дегеніміз (латын тілінен «шіркеулік» дегенді білдіреді) мемлекеттік биліктің ерекше формасы болып табылады, заң негізінде, заң жүзінде бекітіліп діни ұйымдар мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына және қоғам өмірінің барлық салаларына әсер етеді. Дегенмен, клерикалды мемлекеттің теократиялық мемлекеттен айырмашылығы шіркеу мемлекетпен біте қайнасқан емес, сонымен қатар, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық жақтарына қатты әсер ете алады, тиісті заңдастырылған институттар мен қалыптасқан механизмдері арқылы саясат, білім жүйесі, сот жүйесіне басымдылық жасап тікелей әсер етеді.
Клерикалды мемлекеттің негізгі ерекшеліктерінің біріне онда негізгі деп қабылданған дінге мемлекеттік дін статусы беріледі. Мемлекеттік дін статусы берілген діннің ұйымдары мен қызметшілеріне артықшылықтар, жеңілдіктер мен қолдау көрсетіледі, мемлекеттік органдарда олардың өкілдіктері болады. Мысал ретінде Иран Ислам Республикасын алуға болады, онда зайырлық принципіне негізделген мемлекеттік ұйымдармен қатар, олардың қатарына, ең алдымен, парламент пен үкімет жатады, сонымен қатар, мемлекетті басқаруда аятолла (мемлекеттің рухани, діни басшысы), үлемдер Кеңесі, үлемдер.
Клерикалды мемлекеттің келесі ерекшелігі, мемлекеттің қызметі шіркеумен немесе тиісті діни ұйыммен тікелей байланыста болады. Шіркеу немесе тиісті діни ұйым мемлекеттік статусына ие болады. Мұндай шіркеудің немесе тиісті діни ұйымның ерекшелігі: конфессиялардың біреуі ресми түрде мемлекеттік ұйым санатында есептелініп, елдегі ең бірінші дін болып есептелінеді. Діннің осы ерекшелігіне байланысты, елдегі биліктегі маңызды қызметті осы дін өкілдері атқарады.
Клерикалды мемлекеттің әртүрлі модификациясы үдеріс ретінде қазіргі заманда да кездеседі. Билікті сақтап қалу үшін басқарушы саяси режимнің дінді қолдануы және шіркеудің мемлекетпен өзара әрекеттесуіндегі процедуралық шектеулердің қажеттілігін елемеу зайырлы мемлекеттің клерикализацилануына алып келеді.
Зайырлы мемлекеттің теократиялық және клерикалды мемлекеттен негізгі айырмашылығы нақтылы бір дінге басымдылық берілмейді, бірақ дінге де қарсы емес. Зайырлы мемлекетте де дәстүрлі дін ретінде өзінің тарихының даму барысына, гасырлар, көп жылдар бойында қоғамның рухани өмірінің қалыптасуына, халықтың салт-дәстүріне, әдептілік ұстанымдарына түбегейлі әсер етуіне байланысты мойындауы орын алған. Мысалы, біздің Қазақстанды алуға болады. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV қабылданған заңынын преамбуласында: «Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деп ерекше атап өтілген болатын.
Осы заң негізінде айтуға болады, Қазақстан зайырлы мемлекет, біздің еліміздің тарихи қалыптасуы мен дамуындағы ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың рөлі ерекше аталып өтілген, сонымен қатар, басқа да конфессиялардың еркін қызмет жасауына мүмкіндік берілетіндігі айтылған.
Бұл жерде атап өту керек, жоғарыда аталған діндерге дәстүрлі дін статусын беру теократиялық немесе клерикалды мемлекетте сияқты заң тарапынан оларға ешқандай басымдылық берілмеген, заң алдында зайырлы мемлекетте барлық діндер тең құқылы, бұл зайырлы мемлекеттің ең ұтымды жерлері деп айтуға болады. Зайырлы мемлекет барлық діндерге еркін діни ұстанымдарын, қызметтерін іске асыруға мүмкінді береді, әрине, заң шеңберінде.
Авторы: философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Нағима Байтенова