КВИ жұқтырған алматылықтар қоғамдық орындарға кіруге тырысқан
Алматыда үй карантинін бұзған «қызыл» мәртебесі бар 412 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
«Аshyq арқылы 14 күндік үй карантинін бұзған 412 алматылық әкімшілік жауапқа тартылды және айыппұл (30 АЕК) төледі», - делінген хабарламада.
COVID-19 үшін ПТР тесті оң нәтижесін берген алматылықтар қоғамдық орындарға барып, «ASHYQ» бойынша жұмыс істейтін нысандарда-ХҚКО, мейрамхана, фитнес-орталықтар, әуежай, кинотеатрлар, компьютерлік клубтар, бассейндер және тағы басқа нысандардың қызметтерімен пайдалануға тырысқан. Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзатын тұрғындар медициналық ұйым, әлеуметтік сала, білім беру, кеңсе ұйымдары, банктер, сауда, қаржы нарығы, әлеуметтік қызметтер, қоғамдық тамақтану және басқа да нысандардың қызметкерлері екені анықталды.
«Қызыл» статустағы адамдар Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін нысандарға кіргізілмейді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті амбулаторлық ем алып жатқан азаматтарды өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбауға және қоғам алдында азаматтық жауапкершілікті ұмытпауға шақырады. Жұқтырғандармен байланыста болған адамдар да өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауы және басқа адамдардың жұқтыруын болдырмау үшін адамдар жаппай жиналатын орындарға барудан бас тартуы тиіс.