ҚР Президенті төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Кеңесте тиімді тауар өткізу жүйесіне қатысты мәселе де қарастырылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq-Ruhy Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Күн тәртібінде төрт мәселе қарастырылды. Олар: ұлттық жобалар, тиімді тауар өткізу жүйесін қалыптастыру, экспортты ілгерілету жөніндегі жүйелі шаралар және аумақтық даму жоспарының жобасы. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Ұлттық жобалар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ұлттық жобалар жөніндегі баяндаманы мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы кеңестің өткен отырысында ұлттық жобалардың тізімі мақұлданғанын және оларды қаржы жағынан қамтамасыз ету, қорытынды нәтижелерінің шынайылығы, тиімсіздікке жол бермеу тұрғысынан пысықтауға тапсырма берілгенін еске салды

«Бұл бағытта жұмыс жүргізілгенін көріп отырмыз. Қаржыландыру мәселесіне қатысты сұрақ бар. Презентацияға сәйкес, жекелеген іс-шараларды жүзеге асыру шығынының бір бөлігін көтеру, яғни 3,3 триллион теңге қаржы бөлу жергілікті бюджетке жүктеліпті. Бұл аз қаражат емес. Жергілікті бюджет бұған дайын ба? Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға қатысты бюджетаралық қатынастардың нақты механизмдерін анықтап алу керек. Жергілікті жерлерде ұлттық жобаларға бөлетін қаржысын бақылау қажет. Үкімет аталған мәселені мұқият пысықтауы керек», - деді Президент.
 

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке инвестицияларға қатысты мәселені де қозғады. Оның айтуынша, ұлттық жобаларды қаржыландыруға қажетті 49 триллион теңгенің 33 триллионы немесе жалпы соманың 67 пайызы бюджеттен тыс қаражатқа тиесілі

«Бұл қаржылар егжей-тегжейлі пысықталып, нақты жобаларға бағытталған және қаржыландыру көздері анықталған деп ойлаймын. Жеке инвесторлармен арадағы шала жүргізілген жұмыстардың кесірінен ұлттық жобалардың жүзеге асырылмай қалуына жол бермеу қажет. Жеке инвестицияларды тиімді тарту мәселесі бюджет қаржысын ақылға қонымды пайдалану сияқты маңызды екенін естеріңізге саламын», - деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі талқылаулар мен Президент Әкімшілігінің ескертпелерін ескере отырып, жалпы ұсынылған ұлттық жобаларды мақұлдауды ұсынды. Үкіметке бекіту туралы тиісті қаулыны екі апта ішінде қабылдауға тапсырма берілді. 

Кеңесте тиімді тауар өткізу жүйесіне қатысты мәселе де қарастырылды. Бұл бағыт бойынша Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Мемлекет басшысы биылғы жыл өндіріс, өнімдерді сақтау және өткізу саласында қордаланған проблемалар бар екенін көрсеткенін айтты. Инфляция, әсіресе азық-түлік бағасының құбылуы бекітілген межеден әлдеқашан шығып кеткен.