«QAZVAC» вакцинасына «Halal» стандарты берілуі мүмкін
Отандық вакцинаға шетелдік мұсылман елдері қызығушылық танытып отыр
ҚМДБ төраға орынбасары Ершат Оңғар Жамбыл облысындағы вакцина өндіруші ғылыми-зерттеу институтында болып, отандық өнімге жуырда «халал» мәртебесі берілуі мүмкін екендігін айтты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Жамбыл облысындағы «QAZVAC» вакцинасын өндіруші Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында болып, отандық вакцина өндірісімен таныстым. Эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирус инфекциясына қарсы күресудің және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың тиімді әдісі – вакциналау. Осы орайда халықтың 70% құрайтын мұсылмандар мен халал өнімді тұтынушылардың талап-тілегі бойынша өндірушілер тарапынан «QAZVAC» вакцинасын халал стандарты бойынша сертификаттаудан өткізуге өтініш білдірілді», - деп жазды Ершат Оңғар.
Наиб мүфти өнімге халал стандартын беру себебін Индонезия, Иран, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді шетелдік мұсылман елдерінің отандық вакцинаға қызығушылық танытуымен байланыстырды.
«Ғалымдар жүргізген клиникалық сынақтың ІІІ кезеңінің нәтижесі бойынша вакцинаның тиімділігі 90%-дан жоғары. Бұл ретте, вакцинаның шариғатқа сай дайындалуын қадағалау мақсатында аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен жұмыс жасауға бағытталған институт зертханасымен таныстым. «QAZVAC» вакцинасын «QMDB Halal» стандарты бойынша сертификаттау процесі жалғасуда. Қорытындысын алдағы уақытта жариялайтынымды хабарлаймын», - деп нақтылады ҚМДБ төраға орынбасары Ершат Оңғар.