ШҚО-да жемқорлық қылмысын жасаған көліктік бақылау инспекциясының 11 қызметкері ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Параның күнделікті айналымы 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болған

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Шығыс Қазақстан облысында көліктік бақылау инспекциясының 11 қызметкерінен тұратын қылмыстық топ қызметінің жолын кесті.

Қылмыстық схеманы инспекция бөлімдерінің бірінің басшысы ұйымдастырған.

Аталған лауазымды тұлғалар өңірдегі жалпы қамқорлық пен кедергісіз жүріп-тұру үшін жүк тасымалдау саласындағы кәсіпкерлерден пара алған.

Пара сомасы 10 000-нан 50 000 теңгеге дейінгі аралықты құраған, оны жүк көлігі жүргізушілері қол алысу кезінде Инспекция қызметкерлеріне беріп отырған.

«Алынған параның күнделікті айналымы 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болған. Барлығы ақша аударымының 20-дан астам эпизодтары құжатталды. 4 адамға қатысты сот «қамауға алу» бұлтартпау шарасын таңдады, қалған лауазымды тұлғалар кінәсін толық мойындады және тергеумен белсенді ынтымақтастыққа келді», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта Агенттік аталған қылмыстық схеманы жою және осыған ұқсас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға жол бермеу бойынша кешенді алдын алу жұмыстарын бастады.