Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне Қосшы тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша ауқымды жұмыс атқарылды
Жыл соңына дейін Қосшы қаласында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана және 1200 орындық мектеп салынады. Келер жылдың соңына дейін тағы бір мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Депутаттар мен атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен өткен нұротандықтардың көшпелі жиынының алғашқы нәтижелері туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Nur Otan» Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне Қосшы қаласының 100-ден астам тұрғынынан қоқыстарды жою, сумен жабдықтау, көлік және т.б. мәселелерді шешу туралы ұжымдық өтініш келіп түскен болатын.
«Орталық аллея қоқыс орнына айналғалы біраз болды. Мұнда балалар ойнайды, қоқыстың иісі қолқаны қауып, үйімізге дейін жетеді. ПИК-ке бірнеше рет өтініш білдірдік, олар бізді әкімдікке жібереді, ал әкімдік қайтадан солардың өзіне сілтейді. Осылайша, екі ортада сенделеміз», - деп шағымданды жергілікті тұрғын Әсем Есламбекқызы.
«Nur Otan» Ақмола облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы жүргізген инспекциядан кейін жергілікті билік қазан айында 20 жаңа қоқыс контейнерін орнатуға уәде берді. Сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін әкімдік осы жылдың 1 желтоқсанына дейін тұрғын үйлерге су қысымын арттыру үшін қосымша сорғылар орнатады.
Партия мүшелері мұндағы көлік мәселесін де естен шығарған жоқ.
«Тұрғындардың барлығы дерлік Нұр-Сұлтан қаласына жұмысқа барады. Автобустар үнемі лық толы. Адамдар жұмысқа баратын, қайтатын қарбалас уақыттағы жағдай тіптен қиын. Жүргізушілерді аяп кетемін. Автобустардың жүру жиілігін арттыру қажет, әсіресе таңғы және кешкі уақытта», - деді жергілікті тұрғын Райхангүл Ақберганова.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қарашаға дейін Қосшы мен Нұр-Сұлтан арасында қатынайтын қосымша автобус бағыты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қыркүйек айының соңына қарай барлық қоғамдық көлік аялдамалары жөнделеді.
Жалпы, билеуші партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Ақмола облысының Целиноград ауданында 118 шақырым инженерлік желілердің құрылысы жоспарланған. Бұл 3,5 мыңнан астам тұрғын үйді сумен жабдықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қаражар ауылынан Қосшы қаласына дейін су құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, келесі жылы оның құрылысы басталады.