Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 270 мыңға жуық қызмет көрсетілді

Автор: Azattyq Rýhy

Ақпараттық жүйе мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған

 

Фото: ашық дереккөзден

Жыл басынан бері 187 мыңнан астам мүгедектігі бар адам Әлеуметтік қызметтер арқылы оңалтудың техникалық құралдарын, 6 мыңнан астам ымдау тілі қызметтерін, 32,5 мыңнан астам жеке көмекшінің қызметтерін, 44 мыңға жуық санаторлық-курорттық ем алды. Сондай-ақ, портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 170 мың тапсырыс рәсімделді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

«Бүгінгі күні порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 863 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 149 ОТҚ жеткізуші, 14 мыңнан астам жеке көмекші, 255 ымдау тілін қызметін, 69 санаторлық-курорттық емдеуді, 135 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігінің баспасөз хабарламасында.

2020 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Электрондық үкімет порталында (eGov.kz) мүгедектігі бар адамдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік қызметтерін көрсетуге электрондық өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды. Осы кезеңде Электрондық үкімет порталы арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 213 мыңнан астам құжат ресімделді.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған», - делінген хабарламада.

Қолдауға арналған байланыс орталығына 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 4 санын басу арқылы порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.