Солтүстік Қазақстанда оқушылар КВИ жұқтырып, 60 сынып онлайн оқуға көшті

Автор: Azattyq Rýhy

Оқу жылы басталғалы 129 коронавирус жағдайы анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Оқу жылы басталғалы СҚО мектептерінде 129 коронавирус жағдайы тіркелді. Осыған байланысты 60 сынып қашықтан оқуға жіберілді. Бұл туралы аталған облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Оқу жылы басталғалы 129 коронавирус жағдайы анықталды. Осы орайда облыс бойынша 60 сынып қашықтан оқуға жіберілді. Бірақ мектептер карантинге жабылған жоқ. Коронавирус жұқтырған және олармен байланыс жасаған барлық адамдар карантинге жіберілді», - деді СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, жиында аймақ бойынша балалар арасындағы коронавирус індетінің бүгінгі жағдайы айтылды.

«Біздің облыста коронавирус жұқтырған балалар арасында бір өлім жағдайы тіркелді. Ол - 2 жасар бала. Кейін анықталғандай бала COVID-19-дың дельта штамымен ауырған. Жалпы осы күнге дейін СҚО-да 1456 бала аталған індетке шалдықты. Оның ішінде 1263 бала толық ем алып шықты және 193 бала әлі де мамандардың бақылауында. Сол сияқты 177 бала амбулаторлық жағдайда және 16 бала стационарда емделіп жатыр», - деді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов.