Қызылорда облысында 9 күнде 102 оқушы коронавирус жұқтырды

Автор: Azattyq Rýhy

Былтырғы оқу жылында өңірде 76 мектепте коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді

фото ашық дереккөзден алынды

Жаңа оқу жылында Қызылорда облысында 102 оқушы КВИ жұқтырды, деп хабарлайды Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Облыста барлығы 316 мектеп бар. Оның барлығы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бақылауына алынған. Өткен 2020-2021 оқу жылында оқушылар арасында қатерлі індет жұқтырудың 482 жағдайы тіркелген.

«Биылғы жаңа оқу жылының тоғыз күнінде 102 оқушы індет жұқтырды. Оның ішінде 92-і – мектеппен байланысты емес, жазғы демалыс уақытында үй ошағындағы қарым-қатынас арқылы жұқтырып, үй карантиніне оқшауланған оқушылар. Ал қалған 10-ы білім алуды оффлайн форматта бастаған балалар арасында тіркелді. Осыған байланысты қарым-қатынаста болған адамдар шеңбері анықталып, 13 сынып оқушылары 14 күнге үй карантиніне жіберілді», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева.