Іс-шараға Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына мүше 36 мемлекет және ИЫҰ-ның 56 елінен жалпы 150-ден аса адам қатысты
Нұр-Сұлтанда 8- 9 қыркүйекте Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас Ассамблеясының (АҚИҰ) төртінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шара «Пост-пандемиялық әлемдегі Ислам ынтымақтастығы ұйымының азық-түлік жүйелері» тақырыбымен онлайн форматта ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ислам әлемі үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының маңызын бірнеше рет атап өтті. Бас Ассамблея қатысушыларына арнаған алғы сөзінде Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясы және жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымның рөлі де ерекше артқанын айтып, қатысушы елдерді Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) азық-түлік қауіпсіздігі резервтерін және астық қорын құру жөніндегі бастамасын қолдауға шақырды.
«Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының белсенді және жауапты мүшесі. Сондай-ақ, шетелге 7 млн .тоннаға дейін бидай экспорттай отырып, азық-түлік бидайы мен ұнды экспорттаушы ірі ондыққа кіреді. Жыл сайын Қазақстан көмекке мұқтаж ИЫҰ-на мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде бидай мен ұн жібереді. Біздің тәжірибеміз тұрақты түрде өсіп келе жатқан ислам әлеміндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуде пайдалы болатынына сенімдімін», - делінген Мемлекет басшысының Бас Ассамблея қатысушыларына арналған хатында.
Шара барысында Түркия Республикасы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына төрағалықты Қазақстанға бір жыл мерзімге берді.
Төртінші Бас Ассамблеяның қорытындысы бойынша Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы 2031 қарарлары мен стратегиялық жоспары бекітілді. Оған сәйкес 16 бағдарламаны жүзеге асыру арқылы 5 негізгі бағыт: басқару, азық-түлік дағдарысына ден қою, әлеуетті арттыру, индустрияны дамыту және ресурстарды жұмылдыруды одан әрі дамыту және күшейту жоспарланған.
Іс-шараға Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына мүше 36 мемлекет және Ислам ынтымақтастығы ұйымының 56 елінен жалпы 150-ден астам қатысушы қатысты. Олардың құрамында ауыл шаруашылығы министрлері, халықаралық ұйымдардың, ИЫҰ және оның институттарының өкілдері, сондай-ақ қатысушы елдердегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне жетекшілік ететін басқа да жоғары лауазымды тұлғалар болды.