Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы өте ауыр
Павлодарда пневмонияға шалдыққан он бір айлық бала 28 күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы директорының инфекциялық стационар жөніндегі орынбасары Зере Садақова мәлім етті.
«Баланың реанимацияда жатқанына 28 күн болды. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жағдайы өте ауыр. Қазіргі уақытта жағдайды болжау қиын», - деді ол.
Балалар ауруханасының дәрігерлері облыстық деңгейдегі мультидисциплинарлық топпен күнделікті консилиумдар өткізеді және апта сайын республикалық мамандармен кеңеседі.
Бала емдеуді толық көлемде алады.
Естеріңізге сала кетейік, сәби ауруханаға коронавирустық пневмония белгілерімен түсті. Кейін құрғақ жөтел пайда болды, бұл плевра мен пневмотораксқа – плевра қуысында ауа немесе газдардың жиналуына әкелді.
Кейінірек нәрестеде өздігінен КВИ кезінде өте сирек кездесетін асқыну - пневмомедиастинум дамыды.