ЖОО студенттері, магистранттары мен докторанттарының шәкіртақысы өсті

Автор: Azattyq Rýhy

Болашақ педагогтардың алатын стипендиясы 50 мың теңгеден асты

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда бакалаврда оқитын студенттердің шәкіртақысы 26 186 теңгеден 31 423 теңгеге дейін өскен. Педагогикалық бағыт бойынша оқитын ЖОО студенттері бұрын 42 000 теңге алса, енді 50 400 теңге алады.

«Президенттің тапсырмасын орындап, болашақ дәрігерлердің стипендиясын едәуір арттырдық. Олар 26 186 теңгенің орнына 50 400 теңге алатын болады. Былтыр қаңтар айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шәкіртақы 25%-ға ұлғайтылды. Шын мәнінде, соңғы екі жылда бакалавриатта оқитын студенттердің стипендиясы шамамен 2 есе артты», — деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Сонымен қатар магистранттар, докторанттар мен интерндердің де шәкіртақысы өсті. Егер бұрын магистранттар 66 913 теңге алса, енді олардың ай сайынғы стипендиясы 76 950 теңгені құрайды. Докторанттар стипендиясы 150 000 теңгеден 172 500 теңгеге дейін, интерндерде – 47 431 теңгеден 59 289 теңгеге дейін өсті.