Әр сабақтың басында медицина қызметкерлері санитарлық нормаларды сақтау бойынша он минуттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
Оқу жылының басында қала мектептері жанындағы медицина қызметкерлері балаларға карантин шаралары мен санитарлық нормаларды сақтау туралы айтты, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.
Әр сабақтың басында медицина қызметкерлері санитарлық нормаларды сақтау бойынша он минуттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Балаларға сабақ кезінде міндетті түрде маска тағу және оны әр 2 сағат сайын оны ауыстыру, қол гигиенасы – жиі жуу және санитайзерлерді қолдануды ескертті. Бастауыш сынып оқушыларына аурудың алдын алу шаралары ойын-сауық түрінде өткізіліп, жеке гигиенаны сақтаудың маңыздылығы айтылады.
«Бірінші сынып оқушылары әлі кішкентай, сондықтан оларға ойын түрінде түсіндіру оңай. Олар біздің айтқандарымызбен келісіп, денсаулықты қалай сақтау керегін түсінеді. Ең бастысы, барлық оқушыға санитарлық талаптарды сақтау өте маңызды екенін жеткізу. Дәстүрлі оқыту форматына қайта оралғанда, әсіресе, саннормалар туралы ұмытуға болмайды», - деп атап өтті медбике Жанат Байлова.
КВИ таралуына және ауру деңгейінің артуына жол бермеу мақсатында мамандар алдын алу шараларын сақтаудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ оқушылардың ата-анасынан коронавирусқа қарсы вакцинаны мүмкіндігінше тезірек алуды сұрайды.