Қазіргі уақытта әйелдер мен сәбилердің өміріне еш қауіп жоқ
COVID-19 инфекциясын жұқтырған әйелдерден туған екі сәби елордалық ауруханадан шығарылды. Екі әйел де жүктілік кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік блогына түскен. Олар шала туған қыздарды дүниеге әкелді, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.
Бірінші бала жүктіліктің 25-аптасында 23 маусымда дүниеге келді. Оның туған кездегі салмағы – 655 гр.
«Нәресте бізде екі айдан астам уақыт болды, алдымен балалар реанимациясында, содан кейін шала туған нәрестелерді күту бөлімінде жатты. Шақалақ реанимация бөлімінде бір айға жуық уақыт болды. Салмағы 2 кг 24 гр. Бала сау, бірақ офтальмологтың бақылауы қажет», – деді жаңа туған нәрестелерді күту бөлімінің меңгерушісі Венера Хасанова.
Сәбиге шала туған нәрестелерді күту бөлімінде жатқан кезде ретинопатия диагнозы қойылған. Дәрігерлер бұған дер кезінде назар аударып, балаға ана мен бала орталығында сәтті ота жасалды.
Екінші қыз – Аделина Слушная, ол кеше шығарылды. Оның анасы да COVID-19 вирусымен №3 МГБ-ға ауруханасына түсіп, ұзақ уақыт бойы реанимацияда жатты.
«Әйел 27-аптада мерзімінен бұрын 7 шілде күні босанды. 864 гр – бұл баланың өмірге келген кездегі салмағы. Шығару кезіндегі салмағы 2 кг 14 г болды. Бүгін сәби 2 айға толады. Қыздың анасы ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппаратында жатты. Үйіне шығарылған соң да аппаратқа қосылды. Бүгін әкесі баланы көру үшін үлкен қызымен бірге келді. Анасының қалпына келу кезеңі ұзақ уақыт алады», – дейді дәрігерлер.
Екінші баланың анасы Гүлчачак Слушная да дәрігерлерге дән риза. Ол алдымен жұқпалы аурулар ауруханасына ентігу мен дене қызуы көтеріліп түскен. ПТР тестінің нәтижесі оң болып, ал КТ-да өкпе зақымдануының 25-30% анықталды. Содан кейін әйел №3 МГБ-ға жатқызылды. Келесі күні оның жағдайы нашарлап, реанимацияға жатқызып, оттегі маскасын кигізген.