«Өте ірі инвестициялық оқиға». Тоқаев CLAAS зауытына барды

Автор: Azattyq Rýhy

Петропавлда халықаралық стандарттарға сай 625 орындық заманауи көпсалалы аурухана құрылысы басталды

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын CLAAS зауытына барды. Президентке зауытта құрастырылған астық жинайтын тракторлар, комбайндар мен тұқым себетін техникалар көрсетіліп, кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы CLAAS компаниясының халықаралық беделін жоғары бағалап, германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет екенін атап өтті.

«CLAAS өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі бұл үлкен жетістік. Бұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент осы өңірде бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатқан шетелдік инвесторлармен кездесті.

CLAAS компаниясының ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Нилс Ройч Мемлекет басшысын Қазақстанда болашақта іске асырмақ инвестициялық жобаларымен таныстырды.

Түріктің YDA HOLDING компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда халықаралық JCI стандарттарына сәйкес 625 орындық заманауи көпсалалы аурухана құрылысының басталғанынан хабардар етті.

Аризона университетінің (АҚШ) жаһандық мәселелер жөніндегі вице-президенті Брент Уайт аталған оқу орнының Kozybayev University-мен ынтымақтастық орнату жөніндегі жоспарын айтты. Бұл келісім қазақстандық жоғары оқу орнын америкалық білім беру мекемесіндегі академиялық технологиялармен қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобалармен танысқаннан кейін инвесторларға ел экономикасын, атап айтқанда өңірлерді дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы инвесторлардың бизнес-жобаларының іске асырылуын бақылауда ұстау үшін жеке мониторинг жүргізетінін атап өтті.