«Көне-Тараз» нысаны Жамбыл облысының 80 жылдығына арналып ашылған
Жамбыл облысының 80 жылдығына арналып ашылған нысандардың бірегейі Шаһардың қақ ортасынан орын алған «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені, деп хабарлайды zakon.kz.
Барлық құрылыс барысы орта ғасырлық шығыс сәулеттік стилінде жүргізілген кешен 2000 жылдан аса өткені бар Тараз шаһарының тарихи болмысын барынша айшықтай түсуде. Онда барлығы 8 нысан қамтылған. Олар: «Руханият және тарихтану» орталығы, «Қолөнер шеберлерінің галереясы», «Көркемсурет галереясы», «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Көрме» павильоны, «Сағат» стеласы, «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы. Айта кету керек, ұлттық құндылығымызды болашақ ұрпаққа жеткізіп, тарихымызды танытуға бағытталған жобаға демеушілер де өз үлесін қосып, құрылысқа қолдау көрсетті.
Бүгінде кешендегі 8 нысан бойынша құрылыс-монтаж, әрлеу-безендіру жұмыстары толығымен аяқталды. Құрылыс жұмыстарына барлығы 1000-нан астам құрылысшы, 100-дан аса техника жұмылдырылды. Әрлеу жұмыстары Самарқанд стиліндегі кірпіштерімен жүргізілуіне байланысты Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылды. Инфрақұрылыммен қамту шаралар да тиісінше орындалған. Жалпы жеті гектарға жуық аумақты құрайтын орталықтағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталып, желтоқсан айында мәресіне жетті.
Айта кетейік, мұндағы құрылысқа қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан жеткізілсе, қалғаны Самарқанд кірпіші, глазурь атты төсеніштер Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінен әкелінді. Олармен арнайы келісімшарт жасалып, ең сапалы материалдар пайдаланылды. Глазурь төсеніштері арнайы пештерде 1800 градуста алдын-ала өлшеммен дайындалған.
Сондай-ақ әр ғимараттың сыртқы әрлеу-безендіру барысы ерекше, бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен кешендегі барлық нысанды безендіру жұмыстарына Айша бибі кесенесінде кездесетін сегіз бұрышты өрнек-бедерлердің пайдаланылғандығын айтып өту керек. Ол кешенге Тараз қаласының орта ғасырлық келбетін қалыптастыруға мүмкіндік беріп, келушілерге айрықша әсер етеді.