Тоқаев жұмыс сапарымен СҚО-ға келді

Автор: Azattyq Rýhy

Президент өңірдегі егін жинау науқанымен танысады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.  

Президент сапар барысында индустриалды кәсіпорындарды аралап көріп, өңірдегі егін жинау науқанының барысымен танысады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы биылғы 24 мамырда «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада көтерілген мәселе бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген еді. Мақалада Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерге арнап салынған тұрғын үй сапасының нашарлығы туралы сөз болған.

Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша мақалада келтірілген деректер расталды. Аталған бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарында олқылықтарға жол бергені үшін Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметінен босатылды.

Одан бөлек, облыс әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың басшысы, сондай-ақ, бес ауданның әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.