Балаларға КВИ-ге қарсы екпе салу туралы фейк ақпарат бұған дейін де тараған
Қазнетте оқушылардың ата-аналарын балаларды КВИ-ге қарсы вакцинациялау туралы келісімге қол қоюға мәжбүрлейтіндігі туралы ақпарат жалған, деп хабарлайды stopfake.kz
Интернетте "ата-аналарға диаскин-тест жасауға және тұмауға қарсы екпе салдыруға қатысты ақпараттандырылған келісім бланкісі беріледі екен. Оған қол қойған ата-ана баласын КВИ-ге қарсы вакцина алуға рұқсат берген боп есептеледі" деген фейк ақпарат таралған.
ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл жағдайға қатысты пікірін білдірді.
"Диаскин тест – бұл адамның туберкулезбен ауыратындығын анықтайтын нақты тест. Ол барлық балаларға бірдей жасалмайды. Оны Манту сынамасы оң нәтиже берген мектеп оқушыларына ғана жасайды. Диаскин-тест мектептерде емес, туберкулез диспансерлерінде және тек ата-аналардың келісімімен ғана жасалады. Тұмауға қарсы вакцинация да мектеп қабырғасында жүргізілмейді. Оның үстіне, бүгінгі күні Қазақстанда да, әлемде де бір уақытта тұмаудан да, КВИ-ден де қорғайтын поливакциналар жоқ" – деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.