СҚО-да қабан мен елікті заңсыз атып алған ауыл тұрғыны ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір тиісті сараптама тағайындалып, шығын көлемі есептеліп жатыр

фото ашық дереккөзден алынды

Солтүстік Қазақстан облысында қабан мен елікті заңсыз атып алған ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды СҚО полиция департаменті баспасөз қызметі.

28 тамыз күні заңсыз аң аулау дерегін Есіл ауданының учаскелік полиция инспекторы ашты. Түнде аудан орталығы Явленкаға кіре берісте полиция капитаны Данияр Шабаров тоғай жақтан шығып келе жатқан «ВАЗ» автокөлігін байқайды. Машинаны тексеру кезінде тәртіп сақшысы оның жүксалғышынан түз жануарларының етін көреді. Бірден кезекші бөлімге хабарлайды.

Көлікте болған 33 және 19 жастағы екі жергілікті тұрғын оқиға орнына келген жедел-тергеу тобына заңсыз аң аулағандарын айтып, мойындады.

Ол кезде облыста әлі аң аулау маусымы ашылмаған. Бұл дерек «Заңсыз аң аулау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Бұл биылдыққа СҚО-да заңсыз аң аулауға қатысты тіркелген бесінші жағдай. Жалпы рейдтер барысында жануарлар және өсімдіктер әлемін пайдалану заңнамасын бұзуға қатысты 659 дерек тіркелді. Оның 396-сы аң аулау, 256-сы балық аулау тәртібін бұзуға қатысты және екеуі заңсың отын дайындау бойынша анықталды», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.

СҚО-да қазір күзгі аң аулау маусымы басталды.