Еліміздің әскери қызметшілері «Жауынгерлік достастық-2021» оқу-жаттығуына қатысып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Оқу-жаттығуға ТМД-ға мүше бес мемлекеттен 2 000-нан астам әскери қызметші қатысты

Еліміздің әскери қызметшілері «Жауынгерлік достастық-2021» оқу-жаттығуына қатысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жауынгерлік достастық-2021» бірлескен оқу-жаттығуы ТМД-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесінің шешіміне сәйкес жоспарланған.

Ресей Федерациясының аумағында Астрахан облысының «Ашулук» полигонында өтіп жатқан оқу-жаттығуға ТМД-ға мүше бес мемлекеттен 2 000-нан астам әскери қызметші қатысты.

«Жауынгерлік достастық-2021» оқу-жаттығуының белсенді кезеңі 14-25 қыркүйек аралығында Қазақстанда «Сарышаған» полигонында өтеді. Оған Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштерінен 1 300-ден астам әскери қызметші және 400-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылады. Атап айтқанда, С-300ПС, С-75, С-125, «Куб», «Бук-М2э» зениттік-зымыран кешендері, радиоэлектрондық күрес бөлімшелерінің техникасы, Су-30СМ, Су-27 көпфункционалды жойғыштары, сондай-ақ, С-295 әскери-көлік ұшақтары, Л-39 жаңғыртылған жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтары, Ми-171Ш, ЕС-145 тікұшақтары және ұшқышсыз ұшу аппараттары.

Белсенді фаза барысында ӘШҚҚ жауынгерлік есептоптары зениттік-зымыран кешендерінен іс жүзінде оқ атады. Әскери авиация экипаждары әуедегі және жердегі нысаналарды авиация құралдарын ұрыста қолдану арқылы зақымдай отырып, күндізгі және түнгі ұшуларды пысықтайды.

«Оқу-жаттығу әскери басқару органдарының дайындық деңгейін, жауынгерлік есептоптар мен экипаждардың үйлесімділігін арттыру, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы және әуеде шайқастарды жүргізу тәсілдерін пысықтау мақсатында өткізіледі. Қарулы қақтығыстарда авиация мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін қолдануды ұйымдастыру бойынша түрлі тактикалық эпизодтар көрсетіледі», – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Фазылолла Бәденов.