Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылығы өңірлік жәрмеңкелерінің маусымы 31 қазанға дейін жалғасады
Елордадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Екі күнге созылатын жәрмеңкеде 300 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен бағада сатылады.
«Бас қалада биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 14 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Сонымен қатар көкөніс, жеміс-жидектердің пісетін уақытын ескердік. Үшінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі жәрмеңкеге Шығыс Қазақстан облысының 15 ауданы мен 2 қаласынан құны 500 миллон теңгеге жуық ауылшаруашылық өнімдері әкелінді. Тұрғындар белсенділік танытып, жәрмеңкеге таңғы 7-ден жиналыпты, негізі 8:00-де басталуы керек еді. Қазір сауда қызып тұр. Барлық тауар еш қиындықсыз әрі санитарлық талаптарға сай жеткізілді. Жәрмеңкеге келушілердің санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауы бақыланады. Сондай-ақ ашық базарда саудагерлер мен тұтынушылардың маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы да қадағаланады», – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысы Ержан Балтаев.