Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Елордада көлігінен қару мен оқ-дәрі табылған ер адам ұсталды, деп хабарлайды қалалық ПД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында сағат 22:05-те Баршын көшесінде алдын ала берілген жедел ақпарат бойынша 32 жастағы ер адамның «TOYOTA» маркалы автокөлігін тоқтатты. Ұсталған азамат бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Көлікті тексеру барысында үш ас үй және аңшы пышағы, 32 мм калибрлі тегіс ұңғылы қару және оның патрондары тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 287-бабы («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») негізінде қылмыстық іс қозғалды.