Щучинсктегі трамплин құрылысына 38 млрд теңге бөлінген, бірақ нәтиже жоқ – депутат

Автор: Azattyq Rýhy

Ерлан Саиров спорт саласындағы қарама-қайшылықтар жөнінде айтты

Фото ашық дереккөзден

2021 жылы кәсіби спортқа 47,2 млрд теңге бөлінсе, бұқаралық спортты дамуға бар-жоғы 2 млрд 081 млн. теңге бөлінген. Ал, Шучинскідегі тау-шаңғы трамплині нысанына 38 млрд жұмсалыпты. Алайда, спорт саласында нәтиже жоқ дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Осыған байланысты депутат Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

«Токиодағы Олимпиада ойындары Қазақстанның спорт саласындағы жүйелі проблемаларды ашып берді. Осыған байланысты, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің спортты дамыту мәселесіне өзінің алаңдаушылығын білдірді. Біздің спорт саласында қарама-қайшылықтар өте көп. Кейбір спорт объектілеріне ағыл-тегіл қаржы бөлінген. Мысалы, Шучинскідегі таулы шаңғы трамплині нысанына 38 млрд теңге жұмсалған. Ал, спортта нәтиже жоқ. 2021 жылы жоғары жетістік спортына 47 242 172,0 мың теңге бөлінсе, бұқаралық спорт дамуына бар жоғы 2 млрд 081 млн. теңге бөлінген. Балалар мен жасөспірім мектептері мен жаттықтырушыларының материалдық-техникалық базасының мүшкіл жағдайын, ел ішінде жасөспірімдер арасында жарыстардың болмауын, балалар мен жастар спортын қолдаудың жүйесі жоқтығын бастан кешіп отырмыз» - деді ол.

Сондай-ақ депутат еліміз бойынша спорт федерацияларының басшыларын сынға алды.

«Спорт федерацияларына басшы болған ірі бизнес өкілдері спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес. Еліміздің жасөспірімдеріне спорт тұрғысынан өсуге, дамуға ешқандай мүмкіндік бермей, біліктілігі жоғары жаттықтырушылар базасын жасамай, есесіне, «легионер-келімсектерге», пайдасы жоқ кәсіпқой клубтарға миллиардтарды төгіп жатырмыз», - дейді депутат.

Бұл ретте, Ерлан Саиров Қазақстанның спорт саласын дамыту үшін мынандай ұсыныстар айтты:

  1. Легионерлер мен түкке пайдасы жоқ «кәсіби клубтарды» қысқартып, ауыл-аймақтарда балалардың жаппай спортпен айналысуы үшін жағдай жасау керек. Ол үшін мектебі бар барлық ауылда заман талабына сай спорт залдарын салу маңызды!
  2. Ауыл-аудан деңгейінде бала-жасөспірім спорт мектептерін қалыпқа келтіріп, олардың оқу-жаттығу әдістерін модернизация жасау қажет!
  3. Облыстық әкімшіліктер жеке спорт түрлерінен «келімсектерді» қаржыландырғанша, облыстық спорт жарыстарын ұйымдастырып, жас жеткіншектерге жол ашатын жағдай жасаулары керек!
  4. Қазақстанда салынған ірі спорт кешендеріне балалар мен жасөспірімдер бағасы өте қымбат болғандықтан дене шынықтыру, спортпен шұғылдана алмайды. Қарапайым халыққа, әсіресе біздің балаларға бұл кешендердің есігі «тарс жабылған»! Осы мәселені шұғыл шешу міндет!
  5. Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыра отырып, әр-түрлі озық халықаралық мектептермен тәжірибе алмасуды жолға қою маңызды. Шетте, басқа елдердің медаль қоржынын толтырып жүрген жаттықтырушыларды елге қайтару басты міндет!
  6. Барлық үнемделген қаржы Олимпиадалық спорт федерацияларының материалдық-техникалық базасын арттыруға, жаттықтырушылардың моральдық, профессионалдық, материалдық деңгейін көтеруге, өз еліміздің жас спортшыларын тәрбиелеуге бағытталуы тиіс!