Құрылысы уақытша тоқтап тұрған жобалардың басым бөлігі Шымкент қаласында
Елімізде мемлекеттік тапсырыспен салынып жатқан 200-ден аса ғимараттың құрылысы сол күйі аяқсыз қалуы мүмкін. Олардың басым бөлігі мектеп, аурухана және балабақша нысандары. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов айтты.
Бұған дейін БАҚ беттерінде құрылыс материалдарының өсуіне қатысты түрлі деректер жарияланды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, құрылыс жобаларының сметалық құны 10 пайызға өскен. Осылайша, объектілердегі жұмысты тоқтата тұрудың себебі - тапсырыс берушілердің құрылыс жобаларына түзетулер енгізумен байланысты болып отыр екен.
Өйткені бұған дейін құрылыс материалдары бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты Үкімет бюджеттен қаржыландырылатын жобаларға түзету енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі, олар бойынша құрылыс материалдары құнының қымбаттауына байланысты сметалық құнының 10% - дан астам ұлғаюы орын алды.
«Бекітілген тәртіпке сәйкес жобаларды түзету бойынша барлық көзделген рәсімдерді жүргізу аяқталғанға дейін орындалған жұмыстарды қабылдау және тиісінше жобаны қаржыландыру тоқтатылады. Кейбір мердігер ұйымдардың құрылысты өз қаражаты есебінен жүзеге асыру мүмкіндігі болмағандықтан, олар объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыруды тоқтата тұруға мәжбүр болды», - деді Талғат Темірханов.
Құрылысы уақытша тоқтап тұрған жобалар еліміздің барлық өңірін қамтиды. Жұмысы жүрмей тұрған мердігерлердің басым бөлігі Шымкент қаласында.
«Тоқтатылған нысандардың ішінде тұрғын үй нысандары, мектептер, спорттық нысандар, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және т. б. бар. Олардың ең көп саны Нұр-Сұлтан (21 объект), Шымкент (74 объект), Алматы (54 объект) және ШҚО (22 объект) қалаларында байқалады. Ең аз саны СҚО, БҚО, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарында (1-2 объект). Алматы облысында бірде-бір нысан тоқтатылған жоқ», - деп нақтылады «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.
Талғат Темірхановтың айтуынша, объектілерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта жалғастыру үшін жобаны түзету жөніндегі барлық қажетті іс-шараларды толық көлемде аяқтау қажет.
«Бұл жағдайда келтірілген зиянның мөлшерін анықтау мүмкін емес. Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстарының тоқтатылуына байланысты объектілерде мердігер ұйымдардың өздеріне қабылдаған міндеттемелерін орындау мерзімдерінің орындалмау тәуекелі бар, бұл өз кезегінде тапсырыс беруші тарапынан айыппұл санкцияларына, оның ішінде ұйымдардың мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілуіне әкелуі мүмкін», - деді Талғат Темірханов.
Құрылыс саласындағы салалық қауымдастықтардың ақпараты бойынша, құрылыс маусымының басында республика бойынша негізгі құрылыс материалдарының бағасы 15-тен 140 пайызға дейін өскен.
Ең үлкен өсім металл өнімдерінде тіркелді. Мәселен, 2020 жылдың наурыз-сәуір айларымен салыстырғанда бір тонна арматураның құны 198 000 теңгеден 142% - ға өсіп, 430 000 – 480 000 теңгеге дейін жеткен.
Сондай-ақ, М-400 маркалы цементке (60%), бетонға (14%), кірпішке (46%), қадаларға (63%), битумға (44%), газоблокқа (59%) және басқаларға баға айтарлықтай өсті.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан