Токио Олимпиадасына Қазақстан 20 лицензия жеңіп алды

Автор: Azattyq Rýhy

Токио Олимпиадасына жолдама санын арттыруға әлі де мүмкіндік бар

Фото: NBC Olympics

Келесі жылы Жапонияда өтетін Токио Олимпиадасына Қазақстан  20 лицензия жеңіп алды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Халықаралық бәсекелерде еліміздің атынан сынға түскен ұл-қыздарымыз спорттың он түрі бойынша жиырма жолдаманы ұтып алған. Төрткүл дүние көз тігетін Токио Олимпиадасына  жолдама санын арттыруға әлі де мүмкіндік бар. 

Ашық суда жүзуден 1, жеңіл атлетикадан 2, велоспорттан 1, бассейнде жүзуден 2, садақ атудан 4, спорттық құзға өрмелеуден 1, грек-рим күресі бойынша 2, әйелдер күресінен 2, сонымен қатар еркін күрестен 4 балуанға лицензия бар. Күншығыс елінде өтетін әлемдік доданың жолдамасы үшін соңғы жарыстар келесі жылдың маусым айына дейін жалғасады. Спортшыларымыз спорттың тағы 20 түрі бойынша лицензияға таласады.  

«Атап өтерлігі кейбір жолдамалар арқылы нақты қай спортшының баратыны әлі белгісіз. Өйткені жолдама жеке спортшыға емес, Қазақстан құрамасына берілген. Ал Олимпиадаға қай спорт түрінен кімнің баратынын ұлттық құрама мен федерация басшылары бірге шешеді. Лицензияларды сарапқа салатын жарыстар әлі де өтеді. Алда боксшыларымыз толық құраммен Олимпиадаға бару үшін лицензияға таласады. Лондон Олимпиадасына Қазақстан  құрамасы 104 спортшымен барған. Бұл жолы да одан кем болмауы керек деген жоспар бар»,- деді  Спорт және дене шынықтыру істері  комитетінің  баспасөз  хатшысы  Раухан Тоғымбаева. 

Естеріңізге сала кетсек, ХХХII жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылы Жапонияның астанасы Токио қаласында өтеді. 205 мемлекеттен 12 500 спортшы қатысатын айтулы дода 24 шілдеде ашылып, 9 тамызда аяқталады.   

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы