Павлодарда мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысқан екеу ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Алдын ала келтірілген шығын шамамен 17 миллион теңгені құрады

Павлодарда жанар-жағармай материалдарын жымқырды деген күдікпен екі адамның қылмыстық әрекетінің жолы кесілді.

Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің айтуынша, автожанармай құю станцияларына мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысатын Павлодар қаласындағы ұйым қызметкерлері болып шықты. Күдіктілер алдын ала дайындалған сызба бойынша, соның ішінде тасымалданатын отынды жеткізу және құюмен айналысқан.

Полиция қылмыс жасады деген күдікпен 50 және 47 жастағы екі павлодарлықты ұстады. Алдын ала келтірілген шығын шамамен 17 миллион теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-тармағының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдіктілерге қатысты «ешқайда шықпау туралы» қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.