Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды
Мемлекет басшысы МКҚ басшылық құрамына жиналыс өткізіп, Мемлекеттік күзет қызметінің жаңадан тағайындалған бастығы Ермек Сағымбаевты таныстырды.
Президент Мемлекеттік күзет қызметінің үлкен жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталып, барлық қызметкерлерден, әсіресе басшылықтан ерекше білім мен біліктілік талап етілетінін айтты.
«Мемлекеттік күзет қызметінің мамандарынан кәсібилік талап етіледі. Біріншіден, жауынгерлік және физикалық дайындық. Бұл ретте Мемлекеттік күзет қызметінің, тиісті бөлімшелердің басшылары жан-жақты білімді, дүниетанымы кең, елдің ішкі саяси жағдайын да, халықаралық ахуалды да жақсы меңгерген болуы керек. Олардың халықаралық талаптардың қыр-сырын жетік білетін зерек, талдау жұмыстарына қабілетті болғаны жөн. Біз тек осындай жағдайда ғана жұмыстан тиімді нәтиже күтеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кадрлық әлеуетті арттыру туралы айта келіп, МКҚ офицерлері мемлекетке, өздеріне жүктелген қызметке адал және нағыз патриоттар болуы керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы кадрларды іріктеуде дәл осы ұстанымдарды басшылыққа алуды баса айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметі бастығының жаңа орынбасары Батырбек Байбосыновты да таныстырды.
Мемлекет басшысы жиын соңында жаңа бастық пен барлық офицерлерге қызметте табыс тіледі.