$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.08.2021, 13:00
Жаңалықтар

ЖОО-да дәрістер онлайн, практикалық сабақтар дәстүрлі форматта жүргізілуі мүмкін

Бүгінде елімізде барлығы 128 жоғары оқу орны бар 

ЖОО-да дәрістер онлайн, практикалық сабақтар дәстүрлі форматта жүргізілуі мүмкін
Фото: ашық дереккөзден

Үкімет отырысының шешіміне сәйкес 2021-2022 оқу жылы кадрларды даярлаудың барлық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарында білім алу дәстүрлі форматта өтетін болады. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алайда ЖОО-лардың шешімі бойынша оқу аралас форматта да жүргізілуі мүмкін. Атап айтқанда: дәрістер-онлайн; санитариялық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, қолданбалы сипаттағы семинар, зертханалық және практикалық сабақтар дәстүрлі форматта жүргізіледі. Ал, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер қашықтан оқуды жалғастыра бермек.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде елімізде барлығы 128 ЖОО бар. Ал соңғы 5 жылдың ішінде 14 жоғары оқу орны өз лицензиясынан айырылып, 90 мыңнан астам студент басқа университеттерге ауыстырылған.

Заманауи технологиялар көші күн сайын жаңарып жатқанын ескерсек, бұл бағыттың білім беру жүйесінде де ойып тұрып алатын өз орны бар. Бұл тұста қазақстандық жоғары оқу орындары LMS IT платформасына қосылған, сондай-ақ, көптеген университеттер аталған жүйенің  мобильді нұсқасына көшуде.

«Бірқатар жоғары оқу орындары өздерінің білім беру платформаларын әзірледі. Студенттерді бағалаудың ашықтығына қол жеткізу үшін: SEB, Aero, Examus, Proctopus, Oqylyq, OES, live.atu.kz, Hesperus және т.б. прокторинг жүйелері енгізілген. Барлық жазбаша жұмыстар мәтінді алуды плагиатқа қарсы анықтау жүйелері арқылы тексеріледі: Plagiat.pl, Strikeplagiarism.com, Turnitin және Unihub», - деп мәлімдеді БҒМ баспасөз қызметі.

Қазақстандағы шетелдік студенттердің 74,1%-ын  өзбекстандық азаматтар құрайды

Еліміздің «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру ұйымдары шетелдік жоғары оқу орындарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатып, өзара тәжірибе алмасуына құқықтары бар. Бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен шетелдік әріптестер арасында 5817 келісім жасалған екен.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында қазақстандық студенттердің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты елдерге оқуға баруына мүмкіндіктері болады.

Ал Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттер 2021-2022 оқу жылында барлық бағыттар бойынша оқуларын дәстүрлі форматта жалғастырады.

«Дегенмен оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес шетелдік студенттер үшін қашықтан оқыту технологияларын қолдану мүмкіндігі де қарастырылған. Осыған орай, шетелдік студенттердің Қазақстанға кіру мүмкіндігі мен шет елдегі жағдайды ескере отырып олардың оқу форматын жоғары оқу орындары өздері анықтайды», - деп мәлімдеді БҒМ баспасөз қызметі.

Ведомствоның берген мәліметтеріне сүйенсек, қазақстандық жоғары оқу орындарында 28 968 шетелдік студент оқиды. Білім алушылардың басым бөлігі ТМД елдерінен (18616), оның ішінде 74,1%-ы Өзбекстаннан келген студенттер.

Сонымен қатар, Үндістан (6464), Түркменстан (2685), Қытай (1176) азаматтарының Қазақстанда білім алуға ынталы екендері байқалады.

Индонезиялық студент Қазақстаннан өз сүйіктісін тапқысы келеді

Джунейди Фирдаус Индонезия елінен келген азамат. Бүгінде ол Қазақ Мемлекеттік заң университетінің 3 курсында менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатыр.

«Алғашында мен бұл мемлекет туралы жақсы білген жоқпын. Ал университеттері туралы мүлдем естіген емеспін. Алайда Индонезияда жүрген кезімде мен шетелдік университетте оқығым келді. Осылайша өмірдегі өз орнымды тапқым келді. Содан кейін маған Қазақстаннан шақырту түсті. Меніңше бұл өзіңді жан-жақты дамытуға берілетін керемет мүмкіндік. Оның үстіне Қазақстанда Индонезиядан келіп оқып жүрген менен басқа ешкім жоқ», - дейді студент.

Қазақстанға келген бетте Джунейди алдымен Алматыда 6 ай тіл курсын оқыған. Осылайша ол  Елордадағы ЖОО-да білімін жалғастыруды жөн көріпті. Шет тілін білу және шетелде білім алу студенттің пікірінше, оған үлкен тәжірибе береді.

«Маған менің білім алып жүрген университетімнің оқу жүйесі өте қатты ұнайды. Өйткені ол жердегі жүйе батыстың жоғары оқу орындарына ұқсас келеді. Біз онда лекция кестесін телефондағы қосымша арқылы өзіміз таңдай аламыз. Сондай-ақ, бұл жаққа келгенге дейін мұндағы оқытушылар қатал, қабақтары үнемі түйіліп жүреді деген сыбыстарды естігенмін. Алайда оның жай ғана қауесет екеніне көзім жетті. Керісінше мұндағы мұғалімдер өте ақкөңіл, жылы жүзді және талапшыл екенін аңғардым. Оқытушылар бізбен еркін сөйлеседі, олардан білмеген нәрсеңді сұрасаң, ерінбей бәрін қайта түсіндіріп береді», - дейді ол.

Орта Азия еліне білім қуып келген индонезиялық жігітті елорданың сәулетінен бұрын, халқымыздың мінез-құлқы таң қалдырған екен.

«Алғашқыда қазақтар маған эмоциясыз халық болып көрінді. Ашуын да, күлкісін де көп көрсете бермейді. Ал Индонезияда керісінше, біздің эмоциямыз бірден білінеді. Алайда жақынырақ араласқаннан кейін шындап келгенде қазақ халқының кең пейілді, жарқын жүзді екенін байқайды екенсің. Бұл мені таң қалдырған құбылыс»», - дейді студент.

Джунейди демалыс кезінде еліне оралған күндері қазақстандық достарын және осындағы өмірін сағынатынын айтады.

«Мен болашақта мүмкіндік болса Қазақстанда қалғым келеді. Тіпті өзімнің екінші жартымды да осы жақтан тапсам, бақытқа бөленетінім сөзсіз. Бірақ мұның бәрі болашақтың еншісінде», - дейді ол.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары