Алматы облысында дала жануарлары торда тіршілік етіп жатыр

Экология министрлігі бұл мәселеге қатысты тексеруді бастады

скриншот: видео

Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан «8 озер» демалыс орталығындағы зообақта бұғының балалары қолайсыз торға қамалған. Бұл туралы Айдана Камалова есімді Instagram қолданушысы өз парақшасында дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Видеода автор жануарлардың мойнын еркін көтеруіне ыңғайсыз екенін айтып, темір тордың төмен түсіп кеткенін көрсеткен. Сондай-ақ, бейнежазбада қоршаудың төбесіне тақтайлар қойылғаны анық көрінеді.

«8 озер» немесе өздері айтпақшы «Әлемдік деңгейдегі ұлттық курорт» бізге табиғатқа мұқияттылықпен қарау керектігін насихаттайды. Бірақ менің бүгін көргенім мені шошытты!!! Олардың сафари саябағы әбден тозған, ал мұнда қалған жануарлардың жағдай көңіл көншітпейді», - деп жазды автор.

Сондай-ақ, желі қолданушысы саябаққа барар жолда өзге де жадау күйдегі жануарларды көргенін айтады.

«Мұндағы бұғының балалары 2 шаршы метрді құрайтын темір торда өмір сүреді. Ескі тордың төбесі ДСП және шифердің қалдықтарымен жабылған. Мұндай жағдайда бұғының балалары экологиялық тұрғыда даму былай тұрсын, олар тіпті аяқтарын созып, мойындарын керуге мүмкіндігі жоқ», - дейді Айдана Камалова.

Автордың айтуынша, жануарлардың қанша уақыттан бері мұндай күйде өмір сүріп жатқаны белгісіз. Өз шағымын орталық әкімшілігіне жеткізген ол, бұл жағдайға қатысты ондағы жұмысшылар еш жанаршылық танытпағанын айтады.

Azattyq Rýhy тілшісі бұл мәселеге қатысты Экология министрлігіне хабарласып, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз өкілімен тілдесті.

«Бұл видеоны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өз бақылауына алды. Қазір біз Алматы облысы аумақтық инспекциясынан аталған жерге өз инспекторларымызды жіберіп жатырмыз. Мамандар орталықтың жануарларды қаншалықты заңды түрде ұстап отырғанын және олардың қандай жағдайда тіршілік етіп жатқанын тексереді», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Аян Мейраш.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.