Әзілкештің көмекшісі мас күйде көлік басқарғанын мойындап, ісіне өкінді
2019 жылдың 13 қазан күні кешкі сағат тоғыздар шамасында Теміртау – Нұра – Нұр-Сұлтан трассасы бойында Ерлан Омарқұлов есімді жігітті көлік қағып кеткен. Ауыр жарақат салдарынан 34 жастағы тұрғын сол жерде қайтыс болады. Ұзамай марқұмның туыстары адам өліміне себепкер болған жол талғамайтын бұл көліктің белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі екенін естіп білген.
16 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы сотында көлік рөлінде болған Қасенбайға қатысты үкім шықты. Ол өмір бойына көлік жүргізу құқығынан және 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал автокөлік иесі Тұрсынбек Қабатов ірі көлемде айыппұл төлейтін болды.
Сотта Т.А.Қасенбайдың жол қозғалысы ережелерін бұзғаны, абайсызда адам өліміне әкелгені (қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі) және көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйінде рөлге отырғаны (ҚК 346-бабы 1-бөлігі) анықталды.
Сот отырысында Қасенбай жол қозғалысы ережелерін бұзып, адам қаққанын ішінара мойындады. Мас күйінде көлік басқарғанын толық мойындап, істеген әрекетіне өкінді.
Сотталушы Қасенбай марқұмның анасына моральдық зиян ретінде 3 500 000 теңге төлейді. Ал көлік иесі – Тұрсынбек Қабатов пен сотталушы Қасенбай марқұмның жарына 8 000 000 теңге төлейді.
Алматы ауданы сотының хабарлауынша, жәбірленушінің анасы мен жұбайының материалдық, моральдық зиян өндіріп алу туралы талаптары ішінара қанағаттандырылған.
2020 жылы белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов осы іске қатысты пікір білдіріп, көлігімен кісі қаққан азаматтың жүргізушісі емес, көмекшісі екенін айтқан еді.