Меркі ауданында теміржол көпірінің негізін су шайып кеткен болатын
Жамбыл облысының Аспара-Шу аралығындағы қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Естеріңізге сала кетейік, аталған учаскеде Меркі ауданының тауларында жауған жаңбыр (қар аралас) салдарынан жергілікті автожол мен теміржол көпірінің негізі шайылып кеткен болатын.
Бір жол бойынша пойыздар қозғалысы түнгі сағат 02:15-те ашылды. Бірінші болып контейнерлік пойыз, одан кейін Шымкент – Нұр-Сұлтан қатынасындағы № 712 «Тальго» жолаушылар пойызы жіберілді. Қарсы қозғалыс таңғы сағат 8:20-да ашылды.
Қалпына келтіру-жөндеу жұмыстарына арнайы темір жол және автотракторлық техника, темір жол көлігінің 75 қызметкері жұмылдырылды.