Алматы-Қорғас тас жолында бірнеше көлік соқтығысып, екі адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Тағы үш жолаушы ауруханада жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Алматы-Қорғас тас жолында бірнеше көлік бірден соқтығысып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қатты көктайғақтан жүргізушісі тізгінге ие бола алмаған жүк көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Осы апатты жол сақшылары тіркеп, хаттама толтырып жатқанда оларды тағы бір жүк көлігі қағады. Жол жиегінде жапырылған төрт көлікке сәлден соң жеңіл машина келіп соққан. Соның салдарынан «Тойота Каринаның» салонындағы екі адам қаза тауып, үшеуі ауыр жараланды. Жол азабын тартқан жүргізушілер апатқа «көк тайғақ себеп» дейді. Өйткені Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралі қардан мүлдем тазартылмаған. Ал жолға жауапты мекемелер арнайы техниканың жетіспеушілігін сылтауратады екен. Мәселен, Алматы - Өскемен тас жолының қауіпті асуларын қардан тазартуға небәрі үш арнайы техника жұмылдырылған. 

«Мұқыры асуында тұрмыз. Көріп тұрсыздар, жол тазаланбаған. Сол себепті тексеру нәтижесі бойынша жол мекемелеріне қарды тазалау және құм төсеу мәселесі бойынша ұйғарым жібереміз», деді Алматы облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молданаханов.