$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.08.2021, 00:51
Жаңалықтар

Алматыда егеуқұйрық қаптап кетті

Тұрғындар тарапынан «Ееуқұйрықтар коронавирус тарата ма?» деген сұрақ жиі қойылады

Тұрғын үйлерде уақытлы улау жұмыстары жүргізілмегендіктен, кеміргіштер көбейіп жатыр дейді тұрғындар. Олар бұл пәлекет вирус тарата ма деп қорқып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егеуқұйрықтар – әлемдегі ірі мегаполистердің ең басты проблемасы. Алматыда да бұл мәселе шешімін таппай келеді. Олармен күресудің жалғыз жолы бар – тек дәрілеп, көздерін жою керек.

Айта кетейік, қалада кеміргіштерді жою шарасы екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең маусым-шілде айында жүрген. Келесі кезең қыркүйек айында басталады. Қала бойынша барлығы 47 мың гектар жер залалсыздандырылады.

«Егеуқұйрықтармен күресу үшін жыл сайын қала бюджетінен 100 миллион теңге бөлінеді. Кәсіпорынның қызметкерлері, мердігер ұйым, мобильді топты қосқанда 75-тен аса адам осы жұмысқа жұмылдырылады. Мобильді топ жеке үйлерге, тұрғынжайларға шығып дәрі шашады», - деді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфроқұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Айдын Сылбырбаев.

Егеуқұйрықтар негізінен базарлар мен қоқыс айналасын мекендейді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары – кеміргіштердің көбейетін ордасы. Медеу ауданында дәмханалар мен мейрамханалар көп. Сондықтан осы аумақтың тұрғындары көп шағымданады. Егеуқұйрықтар Түркісіб, Алатау, Жетісу аудандарындағы ескі үйлердің маңында да жиі кездеседі. Құтыру, туляремия және листериоз сияқты ауруларды тарататындықтан, кеміргіштер адам өміріне қауіпті.

«Егеуқұйрықтар коронавирус тарата ма деген сұрақтар жиі қойылады. Жоқ, олай емес. Себебі вирусты таратушы ол адам ағзасы, бұл дәлелденген. Сондықтан егеуқұйрықтар вирус таратпайды», - деді Алматы қаласы СЭБД басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Егеуқұйрықтарды жою үшін жыл сайын жаңа дәрілер қолдануға тура келеді. Бір маусымда себілген химиялық уға кеміргіштердің ағзасы үйреніп, тұрақты иммунитет қалыптасады екен. Кеміргіштерден құтылу үшін алматылықтарға күз мезгілін күткеннен басқа шара жоқ.

Серіктес жаңалықтары