Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елімізде вакцинациялау қарқынын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай баяу өсу үрдісіне ие және біртіндеп тұрақтануда. Вирустың репродуктивтік индексі – 1,01 құрайды, инфекциялық төсек-орындар 54%, реанимациялық төсектер 45% толды.
Бүгінгі таңда 5,9 млн жуық адам вакцинаның бірінші компонентін, 4,5 млн адам екінші компонентін алды.
Үкімет басшысы биыл тамыз айында вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз ете отырып, әсіресе Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында вакциналау қарқынын күшейту қажеттігін атап өтті.
Премьер-Министр Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қарағанды облысына ерекше назар аудара отырып, барлық өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар халықтың шектеу шараларын, ең алдымен маска тағу режимін сақтауын қамтамасыз ету қажет екені атап өтілді. Ол үшін карантин талаптарын бұзушыларды жауапкершілікке тарта отырып, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру тапсырылды.
«Ashyq» жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келеді. Олардың саны 5 есеге – 21 мыңнан 101 мыңға дейін өсті. Бұл бизнеске өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан “Ashyq” қосымшасының қолданылу аясын одан әрі кеңейту қажет», — деді А. Мамин.