Тәуелсіздік жылдары ішінде халық саны 2 557,9 мың адамға көбейген
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Ол - Жания Азаматқызы.
Жания Азаматқызы Алматы қаласында туған, отбасында 4-ші бала. Туу туралы актісіне сәйкес нәрестенің ата-анасы Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады. Анасы - Назгүл Балтабайқызы Көбентаева, 1986 жылы туған, әкесі - Азамат Әбілғаппарұлы Нұрғалиев, 1982 жылы туған.
«19-шы миллион тұрғынды анықтау барлық демографиялық оқиғаларды: табиғи қозғалыс өсімін (белгілі бір кезеңде тірі туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымын (еліміздің аумағына белгілі бір кезеңде келгендер саны және оның шегінен тыс кеткендер саны арасындағы айырма) ескеріп жүргізілді. Кандидатура жалпы республика бойынша тұратын жеріне тәуелсіз анықталды», - делінген Ұлттық статистикасы бюросының хабарламасында.
Жалпы, тәуелсіздік жылдары ішінде халық саны 2 557,9 мың адамға (15,5%) өсіп, ағымдағы жылғы 1 шілдеге 19 009,6 мың адамды құрады.
Еске салайық, Қазақстан халқының саны 19 миллион адамға жеткені туралы сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізген еді.