Биыл қаржы пирамидасынан зардап шеккендер саны артты – ІІМ
Қаржы пирамидалары туралы қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің жалпы саны 19 мыңнан асады
Биыл Ішкі істер органдары қаржы пирамидалары туралы 330 қылмыстық істі тергеді (2020 ж. - 218), оның ішінде 177–сі, яғни 53,6% сотқа жолданды. Бұл туралы ІІМ ұйымдастырған брифингте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, қазір тергеуде 62 адам жатыр, оның 55-і қамауға алынған.
Қаржы пирамидалары туралы қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің жалпы саны 19 мыңнан астам адамды құрайды, келтірілген шығынның жалпы сомасы 21 млрд теңгеден асады. Ірі қаржы пирамидалары ("Астекс", "Выгодный депозит", "Астра Консалтинг", "Бизнес лайн", "Хоум авто инвест" және т.б.) Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында белсенді жұмыс істеген.
Санжар Әділов қазақстандықтарды қаржы пирамидаларына алданып қалмауға шақырды. Белгілі болғандай, әдетте мұндай компаниялар өзін инвестициялар саласындағы табысты жоба ретінде таныстырады.
«Алматы қаласында жұмыс істеген "Астра консалтинг" Қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істі мысалға келтірейін. Осы компанияның қызметкерлері азаматтардың ақшасын тарту үшін қаржы нарығының кәсіби қатысушылары ретінде өздерін көрсетіп, салынған ақшадан жоғары табыс әкелуге уәде берді. Бірақ олардың қаржы нарығына ешқандай қатысы жоқ екені белгілі болды, ал ақша төлемдері жаңа клиенттердің ағыны аяқталғанға дейін жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың барлығы қамауда отыр. Олар қаржжы пирамидасының қызметіне 125 адамды тартып, 650 млн теңге залал келтірді», - деді Тергеу департаментінің бастығы.
Қаржы пирамидаларының тағы бір кең таралған түрі – танымал мессенджерлерде жасалған касса түріндегі жобалар.
«Өткен жылдың соңында біз алаяқтықпен айналысқан Қарағанды қаласының 44 жастағы тұрғынын анықтадық. Ол «WhatsApp» мобильді қосымшасында топтық чат ашып, қатысушыларға екі есе мөлшерде пайда табуға уәде берген. Ол үшін банк картасының шотына міндетті түрде ақша аудару міндеттелген. Тергеу барысында еліміздің әр өңірінен 800-ден астам жәбірленуші анықталды. Жалпы келтірілген залал 50 млн теңгеден асты. Іс сотқа жіберілді», -деп нақтылады Санжар Әділов.
Аталған қылмысқа қарсы тұру үшін Ішкі істер министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен өзара ортақ жұмыстар атқаруда. Бұл алаяқтықтың алдын алуға, жолын кесуге, анықтауға және тергеп-тексеруге сеп болмақ.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан