Вакцинациялау пунктерінің саны 2300-ге дейін артқан
Денсаулық сақтау министрлігі вакциналардың сақталуына бақылауды күшейтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Қазақстанның кейбір өңірлерінде коронавирусқа қарсы вакцина дұрыс сақталмаған деп атап айтқан болатын.
«Өңірлердің бәрі бірдей бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмайды. Вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзудың көптеген фактілері егу пункттерінің шамамен 30%-нда анықталды», - деді Мемлекет басшысы.
Бұл ақпаратты 2021 жылғы 23 шілдедегі брифингте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері растады.
Еске салсақ, биыл ақпанда COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау басталғанда елімізде 200-ден астам егу пункті жұмыс істеді, ал қазір олардың саны 2300-ге дейін артты.
Бастапқыда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет вакцинация процесі басталғанға дейін егу пункттерінде тексерулер жүргізілген. Сондай-ақ, вакциналау кезінде санитария талаптарының сақталуына бақылау жүргізіледі. Негізінен, әрбір үшінші егу пунктінде (шамамен 30%) жұмысқа рұқсат алғанға дейін санитариялық қағидалар талаптарының бұзылатыны анықталған. Барлық ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар вакциналарды сақтаудың оңтайлы температуралық жағдайларын сақтауға бағытталуы тиіс.
«Вакцинаны сақтаудың температуралық режимін сақтау – вакциналау тиімділігінің кепілі. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын ерекше бақылауға алып отыр», - делінген хабарламада.