$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.07.2021, 22:31
Жаңалықтар

«Шешіміңізді алып тастауды сұраймыз»: Қоғам қайраткерлері Премьер-министрдің орынбасарына ашық хат жолдады

Хатта Роман Склярдың шетелдік темекі индустриясының өкілдерімен «астыртын» кездесуі және қыздырылатын темекі өніміне жасырын лобби жасау фактісі туралы айтылған

«Шешіміңізді алып тастауды сұраймыз»: Қоғам қайраткерлері Премьер-министрдің орынбасарына ашық хат жолдады
Фото: ашық дереккөзден

Қоғам қайраткерлері Қайрат Құдайберген және Тәңірберген Бердоңғар, сондай-ақ, ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Жәмила Садықова Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярға ашық хат жолдады.

Хатта Р.Склярдың ДСМ өкілдерінсіз және жұртшылықтың назарынан тыс темекі индустриясының, атап айтқанда, «Филипп Моррис Қазақстан» компаниясының өкілдерімен кездесіп, темекі және никотин бар өнімдерді реттеу мәселесі бойынша кеңес өткізгеніне қатысты алаңдаушылық туып отырғаны айтылады. Оған себеп – темекі индустриясы өкілдерінің темекі және никотин бар өнімге арналған ұлттық техникалық регламентті қабылдау қажеттігін талап етуі болған.

Назарларыңызға ашық хаттың толық мәтінін ұсынамыз.   

«Құрметті Роман Васильевич! Бізге белгілі болғандай, 2021 жылғы 8 шілдеде Сіздің төрағалығыңызбен «Филипп Моррис Қазақстан» (ФМҚ) компаниясының өкілдерімен темекі және никотин бар өнімдерді реттеу мәселесі бойынша кеңес өткізілді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің (ҚР ДСМ) өкілдері шақырылған жоқ.

Аталған кеңес барысында ФМҚ өкілдері Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері Ә. Смайыловтың 2021 жылғы 18 наурыздағы ресми шешіміне қарамастан және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ұстанымына қайшы келетін темекі және никотин бар өнімге арналған ұлттық техникалық регламентті (Регламент) қабылдау қажеттігін талап етті. 1881 жылдан бастап өнімі әлем халқының санын жойқын күшпен қысқартып келе жатқан компания өндірушілері атап өткендей, Регламенттің мақсаты өнімнің адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін, өнімнің сапасын қамтамасыз ету және саудадағы техникалық кедергілерді жою саналады.

Алайда шетелдік темекі индустриясының ұсынысы жалғыз мақсатты көздейді – жаңа темекі өнімдерінің барлық түрлерін темекіге теңестірген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 110-бабы реттейтін қыздырылатын темекіні, атап айтқанда, IQOS және GLO өнімдерін шығару (ҚТӨ). Бұл ретте 2021 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің әзірлеу жоспарынан алып тасталған Регламент жобасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қандай да бір нормалар жоқ (мысалы, никотин мен шайырлы заттардың төмен құрамы немесе оларды анықтау әдістерін қамтитын стандарттар), ал Регламенттің бар болуы темекі эпидемиясының өсуін тежеу жөніндегі мемлекеттік саясатқа қайшы келеді және IQOS, GLO-ға өзгешелік береді.

2006 жылғы 25 қарашада Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын (ДДҰ ТКНК) ратификациялағаны белгілі. Бұл құжаттың астында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қолы қойылған. Осылайша Қазақстан – сөзбе сөз айтқанда, «темекі өнеркәсібінің темекіге қарсы күрес жөніндегі күш-жігерді бәсеңдетуге немесе жоққа шығаруға кез келген әрекеттеріне қатысты қырағылық таныту қажеттілігін және темекі өнеркәсібінің қызметі туралы хабардар болу қажеттілігін» мойындап отыр.

Сондықтан Сіздің ҚР ДСМ өкілдерінсіз және жұртшылықтың назарынан тыс темекі индустриясының өкілдерімен кездесуіңіз, алаңдаушылық туғызбауы мүмкін емес. Оның үстіне оның нәтижесі ФМҚ компаниясы алға тартқан «қазақстандық тұтынушыларды сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында ұлттық техникалық регламент қабылдау» қажеттілігін мойындау болды.

Құрметті Роман Васильевич! Қазақстан Республикасының жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшісі ретінде Сіз темекі индустриясымен өз қарым-қатынастарыңызда еркін бола алмайсыз және Кодекстің 110-бабында көрсетілген ДДҰ ТКНК халықаралық міндеттемелеріне және ұлт денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық мүдделерге сәйкес өзіңізге белгілі бір міндеттемелермен, атап айтқанда, «өз саясатыңызды темекі өнеркәсібінің коммерциялық және басқа да корпоративтік мүдделерінің ықпалынан қорғау» міндеттемесін алған мемлекеттің желісін ұстануға міндеттісіз. Сіз 8 шілдеде өткізген «астыртын» кездесу мемлекеттік құжаттарды келісу тәжірибесін және Қазақстандағы нормативтік-құқықтық актілерді талқылау этикасын бұзатындығымен келісесіз деп санаймыз.

Осыған байланысты, біз темекі индустриясының мүдделерін ҚТӨ-ні өзгеше өнім ретінде жылжыту бөлігінде жасырын лобби жасау фактісін айқындаймыз және Коалиция бұл фактіні, оның ішінде ДДҰ ТКНК 5.3-бабын өрескел бұзу ретінде темекі лоббизмінің халықаралық алаңында жария ететін болады (globaltobaccoindex.org). Аталған факті «Лас күлсалғыш» анти-премиясы номинациясында, сондай-ақ қоғамдық пікірталас алаңдарында, оның ішінде Nur Otan партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінде қаралатын болады.

Біз темекі эпидемиясын тежеу жөніндегі мемлекеттік саясатқа, Қазақстан Республикасы Кодексінің, ДДСҰ ТКНК нормаларына және ұлт денсаулығының мүдделеріне қайшы келетін регламентті (ФМҚ үшін) күштеп таңу бойынша Сіздің шешіміңізді алып тастауды сұраймыз. Бұл 2019 жылғы шілдеден бастап жан-жақты талқылаудан кейін Регламент Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері Ә. Смайыловтың, ҚР СИМ және ҚР ДСМ (жауапты қоса береміз) келісімі бойынша әзірлемеден толық алынып тасталғандығына байланысты өзекті болып отыр.

PS: Аталған өтінішті ҚР ДСМ немесе ҚР СИМ-ге жіберудің қажеті жоқ, өйткені олардың ұстанымы бұрыннан белгілі және ресми түрде расталған.

Сіздің жеке жауабыңызды (КПМ адресат ретінде) nosmoke_kaz@mail,ru эл. поштасына және Нұр-Сұлтан қ., Қонаев к-сі, 25, 309-кеңсе мекенжайы бойынша заңда белгіленген мерзімде алуға үміттенеміз», - делінген Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген, «Бауырлас» ҚБ төрағасы Тәңірберген Бердоңғар және ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Жәмилә  Садықова қол қойған хатта.

Серіктес жаңалықтары