Риддерде өрт болған орыннан кабель ұрлағандар қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Жауап алу барысында күдіктілер бұл әрекетін мойындады

27 маусымда түнгі уақытта патрульдік полиция взводының қызметкерлері Риддер қаласының Л.Толстой көшесі бойын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлерінен жасырынуға тырысқан сұр түсті ВАЗ маркалы автокөлігі көзге түскен.

Тәртіп сақшылары оларды қуып жетіп, көлікті тоқтатқан. Автокөлік салонында Риддер қаласының 25 және 27 жастағы тұрғындары болған.

Автокөлікті тексеру барысында жүксалғыштан қаладағы ЖШС-ның біріне тиесілі ұзындығы 35 метрге жуық ВВГ-4*16 қуат кабелі табылған.

Белгілі болғандай, қылмыскерлер орман өрті болған ауданда электр желілері жөнделіп жатқанын және токтың кернеусіз тұрған электр беру кабельдері тартылып жатқанын біліп, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену сияқты қадамдарға барған.

Жауап алу барысында күдіктілер бұл әрекетін мойындады. Келтірілген шығын сомасы 107 000 теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.