БҚО-да коронавирус жұқтыру көрсеткіші 38%-ға көбейген

Автор: Azattyq Rýhy

Карантин талабын бұзғандарға 2,5 млн теңге айыппұл салынды.

фото ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында шілде айында мониторинг топтары 149 рейд жүргізді. Бұл туралы БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев айтты.

Шілде айында 17 нысанда карантин талабын бұзу анықталған. Мұхамғали Қайыржанұлының айтуынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес, 22 хаттама толтырылып, 2 млн 464,865 мың теңге айыппұл салынды.

«Карантин талабын көбінесе қоғамдық тамақтандыру орындары, атап айтқанда, кафе, мейрамханалар бұзады. Олар демалыс күндері адам көп жиналатын іс-шараларды өткізеді», - дейді М.Арыспаев.

Қазір «Ashyq» жобасы бойынша облыста 526 нысан жұмыс істейді. 26 сәуірден бері үйлерінде оқшаулануы тиіс «қызыл» және «сары» статустағы 499 адам анықталған. Соның ішінде 14 жеке тұлғаның әрқайсысына 30 АЕК (87510 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Шілде айында өңірде індет жұқтырған 1396 адамның 42%-ы Орал қаласында, 16%-ы Бәйтерек, 15%-ы Бөрлі, 4%-ы Теректі ауданында тіркелген. Ауырғандардың 141-і – 14 жасқа дейінгілер, 57-сі – 15-17, 113-і – 18-25, 365-і – 26-40, 445-і – 41-60 жас аралығындағылар, 275-і – алпыстан асқандар. Соңғы тәулікте 191 адамнан коронавирус табылды.