Алдағы күндері елімізде аптап ыстық басылады

Автор: Azattyq Rýhy

Жел күшейеді, бұршақ жауады.

Каспий теңізінде қалыптасқан циклонға байланысты республикамыздың басым аймақтарында жаңбыр жауады.

Алдағы күндері елімізде аптап ыстық сәл басылады. Дегенмен кейбір аймақтарда 30 градустан жоғары температура сақталады. Бұл туралы  Казгидрометтен орталығының  өкілі  Ардақ Қалменова  айтты.

«Республикамыздың батысында, орталығында және шығысында ауа температурасы түнде 12-23 градус жылы, күндіз 27-30 градус жылы болады. Республикамыздың солтүстік-батыс аймақтарында түнде 13-23, күндіз 27-28 градус жылы болады. Ал, Республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында түнгі мезгілде 18-25 градус, ал күндіз 32- 42 градус ыстық  күтіледі»,  деді «Қазгидромет» РМК ауа-райын қысқа мерзімді болжау басқармасының басшысы Ардақ Қалменова.

Маман қай өңірлерде жауын-шашын болатынын да айтты.

«Каспий теңізінің солтүстігінде қалыптасқан циклонға байланысты республикамыздың басым аймақтарында жаңбыр күтіледі. Жел күшейеді, бұршақ жауады. Ал, Республикамыздың батыс, солтүстік-батыс, шығыс, орталықтың кей жерлерінде қатты жаңбыр жаууы болжанып отыр»,  деді маман.