Нұр-Сұлтан қаласындағы клубта бір мезетте 500 адам көңіл көтерген

Автор: Azattyq Rýhy

Елорда әлі күнге дейін «қызыл» аймақтан шыққан жоқ

Елордалық мекемелер ескертулерге, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынына қарамастан карантин режимін елемей, бір уақытта ондаған, тіпті жүздеген келушілерді қабылдауын тоқтатар емес.

Олардың мұндай іс-әрекеттері қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына және жұрт арасында КВИ инфекциясымен ауыратындар қатарының өсуіне әкеп соғады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың мониторингтік топтары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Өткен тәулікте, яғни 3 шілдеде олар 8 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Есіл ауданындағы «BHB» клубын тексеру кезінде 500 келуші болған, сонымен қатар мекеме белгіленген уақыттан кейін жұмыс істеген. Жұмыс режимін «Bao bao» караоке-клубы да бұзды.

Сарыарқа ауданында түн ортасынан кейін «Ретро» кафесі, «Respawn» компьютерлік ойын клубы жұмыс істеген. Сондай-ақ, белгіленбеген уақытта «Ас» асханасы мен PS4 «Elclasico» ойын клубы жұмысын жалғастырған, онымен қоса мұнда түнгі уақытта кәмелетке толмаған 5 бала болды. Сонымен қатар, мекемелерде келушілер саны бойынша шектеулер сақталмады.

Алматы ауданында орналасқан коттедждердің бірінде қатаң тыйым салынғанына қарамастан үйлену тойы өтті.

Байқоңыр ауданындағы «Сhocolate» сұлулық салоны да жұмыс режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

Еске салайық, елорда әлі күнге дейін «қызыл» аймақтан шыққан жоқ. Қаладағы эпидемиялогиялық жағдай тұрақсыз, коронавирус жұқтырғандар саны кұн санап артуда. Қала тұрғындары мен қонақтарына, кәсіпкерлік нысандарына барлық санитарлық нормаларды, шектеу шараларын қатаң сақтау керектігі ескертіледі.