Биыл демалушыларға құны 5 млрд теңгенің қызметі көрсетіледі деп болжанған
Биыл Алакөлге 1 млн турист келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл Алакөлде демалушыларға құны 5 млрд. теңгенің қызметі көрсетіледі деп болжанған. Қазіргі уақытта бұл маңда 264 демалыс орны бар. Ол жерлерге бір мезетте 23 336 турист демала алады. Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдиновтың айтуынша, 2019 жылы Алакөлдің әсемдігін көрмекке келген халықтың жалпы саны 1,5 млн-ға жеткен. Өткен жылы пандемияға байланысты мұнда 798 мың турист демалды. Ал осы жылы 1 млн турист келіп, оларға құны 5 млрд 270 млн теңгенің сауықтыру қызметі көрсетіледі деп жоспарланып отыр.
Биыл аталған салада басымдық беріліп отырған бағыт –экотуризм. Соның бір дәлелі - Лепсі ауылдық округінде 25 орынға лайықталған демалыс аймағының қызмет көрсетуі. Негізгі нысанаға ілінген туристік саладан түсер түсімді арттыру үшін Алакөлде «Жоңғар Алатауы» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 6 маршрут әзірленіп, туристерді қабылдауға сақадай сай тұр. Биыл кәсіпкерлер есебінен 1310 орынды 10 нысанды қолданысқа беріп, аудан экономикасына 3,6 млрд.теңгенің инвестициясын тарту көзделген.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс аймағында орталықтандырылған ауыз су, кәріз жүйелері мен жол салынуда. Мұның барлығы жыл аяғына дейін қолданысқа берілмек.
«Тәулігіне 6,5 мың текше метр канализациялық тазарту нысанының құрылысына осы жылы 3,5 млрд.теңге қарастырылып жұмыстар жоспар бойынша атқарылып, 2022 жылы пайдалануға беріледі. Және де Алакөл жағалауының 13,5 шақырымына бекіту жұмыстары жүргізілуде»,- деді аудан әкімі Алмас Абдинов.
Алматы облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан мекенге ел аумағының түкпір-түкпірінен, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден де туристер келеді. Қиыр шеттен ат арылтып келемін деуші туристер үшін әуежайдың жұмыс істеп тұрғанын еске саламыз. Дәл осы әуе кемесі тұрақтайтын Үшарал әуежайынның жалпы құны 7,5 млрд.теңгені құрайтын ұшып-қону алаңын және азаматтық навигациялық жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Нәтижесінде әуе рейстерінің саны артып, демалуға келушілер саны да көбейе түспек.