ШұғылКоронавирус және пневмония: өткен тәулікте 102 адам көз жұмды

Елордада емен бағы ашылды

Астананы көгалдандыру жұмыстары «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүргізіліп жатыр 

Нұр-Сұлтанда «Астана Опера» театрының іргелес аумағына 1000 түп бөртегүл мен 700 емен ағашы отырғызылды. Бұл учаскеде төселген тас ауыстырылып, суару жүйесі де қарастырылған. Түнде магистральдық тор арқылы арнайы жарықтандыру қосылады, бұл жасыл аймаққа ерекше көрініс береді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Оранхаевтың айтуынша, елорданы көгалдандыру жұмыстары «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүргізілуде. Ландшафтық орын қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша мұндай жасыл аймақтарды барлық ауданда кезең-кезеңмен ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Астана Опера» аумағындағы абаттандырылатын жердің жалпы ауданы — 3.2 га, сондай-ақ 2 га аумақ көгалдандырылды. Емен аллеясына жайлы демалыс үшін дөңгелек орындықтар да қойылады. Ал ағаштар шуақты күндері демалуға жағдай жасайды.

Айта кетейік, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарында елорданы жаппай көгалдандыру қарастырылған.

Емен – ұзақ жылдар бойы өмір сүретін ағаш, сондықтан оларды «Астана опера» ғимаратының бағына отырғызу туралы шешім қабылданды.

Триатлон паркінің жанында биыл жөке ағашы мен сирень бұталары отырғызылды. Осылайша, елордада сирень мен емен бағы ашылды.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында Нұр-Сұлтанда бір миллионнан астам жасыл желек отырғызылады.