Қазақстан командасы үш салмақ бойынша жолдама жеңіп алған
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов Токио Олимпиадасына қатысатын спортшыларының тізімі әлі дайын еместігін айтты, деп жазады Olympic.kz.
«Әзірге, Олимпиадаға кімдердің баратыны әлі нақтыланған жоқ. Балуандар есімі белгілі болған соң федерацияға және Ұлттық Олимпиадалық комитетке мәлімдейміз. Қазір ештеңе белгісіз», - деді Байсейітов.
Еске сала кетейік, грек-рим күресінен Қазақстан командасы үш салмақ бойынша жолдама жеңіп алды. 60 келі салмақта Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұлов, 77 келіге дейінгі салмақта Тамерлан Шадукаев, Асхат Ділмұхамедов және Демеу Жадыраев Олимпиадаға қатысудан үмітті. Ал 87 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Тұрсынов сөзсіз үздік саналады.
Еске салайық, пандемияға байланысты 2020 жылдың тамызында өтуі тиіс Токио олимпиадасы кейінге қалдырылды. 2021 жылдың басында Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах биыл Олимпиада ойындары жоспарланған уақытта өтетінін мәлімдеді.
Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ биыл дүбірлі додаға бейсбол, каратэ, серфинг, құзға өрмелеу және скейдбординг секілді жаңа спорт түрлері қосылды.
Ал, қазақстандық спортшылар Токио олимпиадасында ел намысын спорттың 30 түрінен қорғауды жоспарлап отыр.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың айтуынша, қазақстандық спортшылардың Токио Олимпидасына (жазғы) қатысуына мемлекет тарапынан 15 млрд теңге бөлінеді.