Жеңілдетілген несиемен көлік беру бағдарламасы тоқтатылды

Ұлттық банк жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасын 2019 жылдың 31 мамырында іске қосқан

Жеңілдетілген несиемен көлік беру бағдарламасы тоқтатылды
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы тоқтатылды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық банк жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасын 2019 жылдың 31 мамырында іске қосқан. Шарттарда отандық өндірістен жеңіл автокөлік сатып алатын жеке тұлғаларға 4 пайыз номинал мөлшерлемемен несие беру қарастырылған.

Бағдарламаны іске асыру үшін Ұлттық банк 2019-2020 жылдары 40 млрд теңге, яғни жыл сайын 20 млрд теңге бөлді. Ұлттық банк мәліметінше, 2021 жылдың 27 мамырындағы жағдай бойынша, барлығы 48,8 млрд теңгеге 8 546 несие берілген, оның ішінде 8,8 млрд теңге бұрын берілген автокредиттерді (револьверлік тетік) өтеуден түскен қаражат есебінен сатылған.

«Ұлттық банк басқармасының 2021 жылғы 24 мамырдағы № 56 шешімімен Қазақстан Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы 31 мамырдағы № 79 «Отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға кредит беру бағдарламасын бекіту туралы» қаулысының күші жойылды. Бұл ретте, Ұлттық банк бұған дейін бөлген 40 млрд теңге сомасындағы қаржыны Қазақстанда өндірілген жеңіл көлікті сатып алушыларды дәл сол шарттармен несиелеу үшін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған», - деп жауап берді Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.