ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 7,5 мың адам коронавирус жұқтырды

Петропавл әскери институтының түлектеріне диплом табысталды

Білім ордасынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Әскери институты түлектердің 21-ші легін шығарып салды. Офицер шеніне ие болған жастардың қатарында Қырғызстан мен Тәжікстан студенттері де бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл қазақстандық түлектермен қатар, Қырғыз Республикасынан жеті және Тәжікстан Республикасынан сегіз әскери қызметші офицерлік өмірге жолдама алды. Аталмыш оқу орнынан биыл, шет елдердегі әскери білім ордаларын бітірген түлектерді қоса есептегенде, жалпы 205 офицер еліміздің және көршілес елдердің әскери бөлімдерінде қызмет етуге жіберіліп отыр. Олардың 10-ы әскери институтты «Алтын белгімен» тәмамдаса,  лейтенанттар Арман Кенішбек, Нұрсұлтан Сүттібай, Ислам Ахметжан және Данил Ковалевқа «Әскери жоғары оқу орнын үздік аяқтағаны үшін» төсбелгісі табысталды. Олардың есімі білім ордасының Құрмет тақтасына мәңгіге енгізілетін болады.

Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан оқу орнын сәтті аяқтаған жас офицерлерді Мемлекеттік аттестациялық комиссия төрағасы генерал-майор Әлібек Серәлиев құттықтады.

«Елімізге заман талабына сай мықты әрі кәсіби дайындалған әскер қажет. Ал мұндай әскерге біз жан-жақты және білімді әскери кадрлар арқылы қол жеткіземіз. Әскери істің жетістіктері тек диплом алумен шектелмейді. Кәсіби қабілет үздіксіз шыңдалумен қалыптаспақ. Бүгінде Қазақстан Ұлттық ұланы  өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда», - деді ол.

Салтанатты шарада түлектердің білім ошағының Жауынгерлік Туымен қоштасу рәсімі өтті. Бұл рәсімді орындау «Алтын белгі» иегері лейтенант Нұрсұлтан Сүттібайға бұйырды. Ол үшін бұл күн өміріндегі айрықша оқиға болды. Жас офицер білім ұясын алтын белгіге бітіріп қана қоймай, кез келгенге бұйыра бермейтін Жауынгерлік Тумен қоштасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан енді, басқа да алтын белгі иегерлері сияқты өзі қызмет ететін әскери бөлімді таңдау құқығына ие. Түлектер еліміздің әртүрлі күштік құрылымдарына жолданып отыр.

Әскери институт 24 жылғы тарихында 3746 жас офицерді даярлап шығарды, олардың 260-ы оқуды үздік бітіргені үшін, 45-і «Әскери жоғары оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталды, олар Ұлттық ұланның, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдар бөлімшелерінің офицерлер құрамының қатарын толықтырды.

Әскери институт базасында жеті мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады. Курсанттарды оқыту сегіз кафедрада жүргізіледі. Институтта біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді, онда жыл сайын Ұлттық ұланның және ішкі істер органдарының офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мамандықтары бойынша қайта даярлаудан өтеді.

Биыл карантиндік шараларға байланысты салтанатты шараға жас офицерлердің ата-аналары қатыспады. Жиын соңында жас түлектер аспанға бейбітшілік, бақыт пен өркендеудің символы ретінде көгершіндер ұшырды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО