Атырау облысында маса қаптап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар далаға шыға алмай қалған

Құлсарыдағы жұрттан маза қашты. Мазаны қашырған маса. Әдетте күн бір ысығанда қанаты күйіп, жоғалып кететін бұл жәндіктің өздігінен жойылар түрі көрінбейді. Құрғақшылықтың салдары болар. Зарарсыздындыру жұмыстары жүргізілген дейді. Бірақ оның да нәтижесін көріп отырған жұрт жоқ деп хабарлады Хабар-24.

Кешкілік сыртқа шығудың өзі мұң дейді тұрғындар. Жергілікті халық улау жұмыстары жөнді жүргізілмейді деп наразы. Кешкісін серуендей алмай сергелдеңге түседі.

Мұндағы көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелері суға толып, салдарынан маса да көбейген. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл улау жұмыстарына 4 миллион 500 мыңнан астам қаражат бөлінген. Сондай-ақ қаланың көгалдануы да масаның көбеюіне себеп болуы мүмкін, дейді жауаптылар.

«Көп пәтерлі тұрғын үйлерді масаға қарсы дезинфекция жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған болатын. Конкурс нәтижесінде мердігер мекеме анықталып, аталған жұмыстар мамыр айының 27 жұлдызында басталды. Енді екінші кезең маусымның 15-де жалғастырылады деп күтілуде», - дейді ұлсары қаласы әкімінің орынбасары Қадыржан Адинов.

Маса улау жұмыстары айына 2 рет, қарашаның соңына дейін жүргізіледі. Десе де, залалсыздандыру жұмыстарына халық наразы.