Ордабасы ауданының әкімі ауысты
Бүгін Бағлан Батыршаев Ордабасы ауданы әкімі қызметіне тағайындалды. Ал, бұған дейін Ордабасы ауданын басқарған Нұрбол Тұрашбеков облыс орталығы - Түркістан қаласының әкімі болды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа әкімді қала активіне таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.
«Түркістан қаласының дамуының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталды. Өздеріңізге белгілі, жақында ғана өңірдің кешенді жоспары бекітілді. Онда алдағы 5 жылда атқарылар жұмыстар нақтыланған. Соның аясында жүйелі жұмыс істеу керек. Түркістанның климатын өзгерту жолында мамандар өте көп еңбек етуде. Осыны жалғастыру керек. Екі жылда 400 гектар жер саябаққа айналды. Бірнеше су айдындары пайда болды. Түркістан – туған қаламыз. Бүкіл әлем көз тігіп отырған түркі әлемінің рухани астанасы. Осындай киелі мекенді басқару бұйырған жаңа әкімнің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз», - деді облыс әкімі.
Ал, Түркістан қаласын тура екі жыл басқарған Рашид Аюпов Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков 1980 жылы Төлеби ауданында туған. 2000 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2005 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы инженер-экономист.
Еңбек жолын 2001 жылы Ордабасы ауданында жер кадастр бюросынан бастаған. 2002 жылы Ордабасы аудандық жер-кадастрлық бюросының меңгерушісі, 2009 жылы Сайрам жер-кадастрлық бюросының директоры, 2010 жылы «Оңтүстік Қазақстан жерге орналастыру ғылыми-өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры, 2012 жылы (Астана қаласы) «Жерге орналастыру ғылыми-өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. 2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» дирекциясы директорының орынбасары, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» дирекциясы Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы лауазымын атқарған. Бірнеше жауапты қызметтерде еңбек еткен Нұрбол Тұрашбеков 2017-2020 жылдар аралығында Түлкібас ауданының әкімі, 2020 жылдың мамыр айынан Ордабасы ауданының әкімі лауазымын атқарып келді.