Маман инеліктің шілде айының басында ұшып шығатынын айтты
Өңірлік коммуникациялар қызметінде шыбын-шіркеймен күрестің баламалы әдістерін қолдану мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
«ТЕК.А.ТЕК.kz» ЖШС ғылыми тобының басшысы Дәулет Ибраев айтып өткендей, инеліктің өсіп-өнуі ұзақ әрі күрделі процесс екен.
«Біріншіден, инелікті өсіру үшін арнайы алқаптар, су қоймалары қажет. Мейлі, жұмыртқасын таптық, дернәсілі пайда болды делік. Инеліктің кейбір дернәсілі үш жыл бойы суда жетіледі. Ал егер 1 градусқа ауытқып кетсек, инелігіміз 1 қаңтарда ұшып шығуы мүмкін. Онда не істемек керек?», - дейді ғалым.
Дәулет Ибраев айтқандай, инелікті шыбын-шіркей дамыған кезде қолға түсіргеннің өзінде, оны белгілі бір аумақта ұстап тұру қажеттілігі туындайды.
Ғылыми топ басшысын Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жетекшісі Қадылжан Сәтиев қолдады.
«Инелікті өсіруді көтеріп жүргендер - масадан әбден шаршаған қалалықтар. Біз де осы сұрақты ғалымдар алдына қойғанбыз. Бір айтарым, Ертіс жағалауындағы алқаптарымызды ескергенде бұл мүмкін емес. Ал маса дернәсілдерімен қоректенетін гамбузия балығын өсіру мәселесіне келсек, Ертіске басқа балық түрін жерсіндіруге болмайды», - дейді Қадылжан Сәтиев.
Дегенмен, басқарма шыбын-шіркеймен күреске көмектесетін тың әдіс-тәсілдер іздеуді жалғастыруда. Алайда, Қадылжан Сәтиев жәндіктерді толық қырып-жоюға тағы болмайтынын да ескертті.
Айта кетейік, Дәулет Ибраев инеліктің шілде айының басында ұшып шығатынын айтты.